Esil University Бизнес және басқару факультетінің «Есеп және аудит» кафедрасында «Scopus және Web of Science дерекқорларында индекстелетін халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда (Q1–Q2) ғылыми мақалаларды дайындау және жариялау» тақырыбында ғылыми-әдістемелік семинар өтті.
Семинарда «Есеп және аудит» кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор м. а. Бекжанова Т. К. баяндама жасады. Іс-шараның мақсаты – профессор-оқытушылар құрамының жарияланымдық белсенділігін арттыру, ғылыми-зерттеу құзыреттерін дамыту және халықаралық академиялық стандарттарға сәйкес ғылыми мақалалар дайындау дағдыларын жетілдіру.
Баяндама барысында жоғары рейтингті ғылыми журналдарда жариялануға қойылатын талаптар, ғылыми мақалалардың құрылымы, журналдарды таңдау критерийлері, сондай-ақ қолжазбаларды ұсыну және рецензиялау кезеңдері қарастырылды. Зерттеулердің ғылыми жаңалығына, академиялық этиканы сақтауға және Q1–Q2 квартильдеріндегі журналдарда жариялану мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қатысушылар ғылыми жарияланымдар саласындағы өзекті мәселелерді, зерттеу сапасын арттыру жолдарын және халықаралық ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Мұндай семинарлар оқытушылардың ғылыми әлеуетін нығайтуға және Esil University-дің ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға ықпал етеді.

.png&w=1080&q=75)