Esil University Бизнес және басқару факультетінің «Есеп және аудит» кафедрасында «Конкурстар мен ғылыми жобаларға қатысу мақсатында кафедраның профессор-оқытушылар құрамына ғылыми өтінімдерді дайындау тәртібі» тақырыбында ғылыми-әдістемелік семинар өтті.
Семинарда «Есеп және аудит» кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Бекжанова Т. К. және экономика ғылымдарының докторы, кафедра профессоры Алиев М. К. баяндама жасады. Іс-шараның мақсаты – оқытушылардың ғылыми-зерттеу белсенділігін арттыру, ғылыми өтінімдерді дайындау дағдыларын жетілдіру және гранттық қаржыландыру конкурстарына қатысу мүмкіндіктерін кеңейту.
Семинар барысында ғылыми өтінімдерді дайындау және ұсынудың негізгі кезеңдері, зерттеу жобаларына қойылатын талаптар, конкурстық іріктеу критерийлері, сондай-ақ ғылыми жаңалықты негіздеу, бюджетті қалыптастыру және күтілетін нәтижелерді анықтау мәселелері қарастырылды. Жобалық ұсыныстарды дайындау кезінде жиі кездесетін қателіктер мен ғылыми-зерттеу жұмысын тиімді ұйымдастыруға ерекше назар аударылды.
Қатысушылар ұлттық және халықаралық ғылыми жобаларға қатысу мүмкіндіктерін, зерттеу сапасын арттыру жолдарын және пәнаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Мұндай іс-шаралар кафедраның ғылыми әлеуетін нығайтуға және Esil University-дің ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға ықпал етеді.

.png&w=1080&q=75)