Esil University-де «Есеп және аудит» кафедрасы ұйымдастырған, аттас білім беру бағдарламасына арналған Бухгалтер апталығы басталды. Іс-шаралар 9–13 қараша аралығында Астана қаласы, А. Жұбанов көшесі, 7 мекенжайындағы университет базасында өтеді. Алғашқы күннің бағдарламасы тәжірибелі мамандардың қонақ дәрістерімен ашылды.
«Аудиторлық компанияға қалай жұмысқа орналасуға болады» тақырыбында «Deloitte» ЖШС аудитор ассистенттері Мырза Багжан Ғалымжанұлы және Смаилов Шерхан дәріс оқыды. Спикерлер кәсіби даму, әңгімелесуге дайындалу және аудит саласындағы жас мамандарға қойылатын талаптарды қарастырды. Кездесуді өткізуге экономика ғылымдарының кандидаттары Л.Ж. Айтхожина мен Т.К. Бекжанова жауапты болды.
«Шекарасыз мамандық: цифрлық әлемдегі бухгалтер» қонақ дәрісін «Syncore» ЖШС бас бухгалтері Надира Балтабековна Даумбаева өткізді. «Есеп және аудит» білім беру бағдарламасының үшінші курс студенттері қазіргі бухгалтер мамандығының ерекшеліктерімен және цифрландыруға байланысты өзгерістермен танысты. Дәрісті ұйымдастыруға PhD, доцент міндетін атқарушы М.К. Успамбаева, экономика ғылымдарының кандидаты А.А. Кажмухаметова және Ж.К. Оралбекова жауапты болды.
Екі кездесу де №306 аудиторияда өтті. Қонақ дәрістері студенттерге мамандықтың практикалық қырлары, жұмыс берушілердің талаптары және кәсіби өсу мүмкіндіктері туралы кеңірек ақпарат алуға мүмкіндік берді.


