Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Инклюзивті қолдау орталығы ұйымдастырған «1+2 Model: Inclusive Volunteering Workshops» жобасы аясында оқыту семинары өтті. Іс-шараға Esil University «Әлеуметтік жұмыс және туризм» кафедрасының оқытушылары А. Б. Манабаев, А. Е. Әдебиетова және Ж. Ромханқызы қатысты.
Семинардың негізгі мақсаты инклюзивті әрі қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыру және ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларды қолдау тәсілдерін жетілдіру мәселелерін қарастыру болды. Қатысушылар «1+2» моделімен танысып, есту қабілеті бұзылған студенттермен қарым-қатынас жасау ерекшеліктерін талқылады және ымдау тілі арқылы бастапқы деңгейде сөйлесу дағдыларын меңгерді.
Бағдарлама аясында Smart Voice және аудиогид сияқты қолжетімділікті қамтамасыз ететін цифрлық құралдардың таныстырылымы, сондай-ақ инклюзивті жоғары оқу орны жағдайында алғашқы медициналық көмек көрсету алгоритмдері бойынша практикалық сабақтар өткізілді. Сонымен қатар қатысушылар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың «Әлем – балалар көзімен» атты шығармашылық жұмыстары көрмесін және «Қазақстандағы ақша айналымының тарихы: үш дәуір — бір ел» нумизматикалық көрмесін тамашалады.
Esil University оқытушыларының семинарға қатысуы инклюзивті білім беру саласындағы кәсіби құзыреттерін арттыруға, білім беру ортасының қолжетімділігін қамтамасыз етудің заманауи құралдарымен танысуға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Алынған білім мен тәжірибе білім беру үдерісін жетілдіруде және әрбір студенттің университет өміріне толыққанды қатысуына жағдай жасауда қолданылуы мүмкін.

.png&w=1080&q=75)