Esil University студенттері медиа және коммуникация саласының сарапшысы, «Sarap Time» жобасының авторы, қоғаммен байланыс (PR) бағыты бойынша PhD Жандар Асанмен кездесті.
Кездесу барысында спикер медиакеңістіктің заманауи үрдістері, стратегиялық коммуникациялар, бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс және журналистиканың жаңа бағыттары туралы дәріс оқыды. Сонымен қатар медиаэтика, ақпараттық сауаттылық, сын мен хейтке төзімділік және гонзо-журналистика мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сарапшы заманауи мамандар мен аналитиктерге қажетті негізгі коммуникациялық дағдыларға тоқталды. Атап айтқанда, ақпарат жинау мен деректерді талдау, өз ойын нақты әрі дәлелді жеткізу және күрделі мәселелерді көпшілікке түсінікті тілмен түсіндіру қабілеттерінің маңызын атап өтті. Студенттер талқылауға белсенді қатысып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.
Университетте шақырылған сарапшылардың қатысуымен ашық дәрістерді тұрақты түрде өткізу жоспарлануда. Мұндай кездесулер студенттердің ақпараттық сауаттылығын, сыни ойлауын және кәсіби коммуникациялық дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Esil University Жандар Асанға мазмұнды дәрісі мен студенттермен ашық пікір алмасқаны үшін алғыс білдіреді.
