Негізгі мазмұнға өту
Бөлісу:fintg

Қазақстан Республикасының Ұлттық валюта күніне арналған ғылыми дөңгелек үстел

Қазақстан Республикасының Ұлттық валюта күніне арналған ғылыми дөңгелек үстел

Ұлттық валюта – теңге күнін мерекелеу аясында Esil University «Қаржы» кафедрасы «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы: заманауи сын-қатерлер және даму перспективалары» тақырыбында ғылыми дөңгелек үстел ұйымдастырды. Іс-шара белгілі ғалым, тәжірибелі маман және педагог Мажитов Д. М.-ны еске алуға арналды.

Дөңгелек үстелге құрметті қонақтар: Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің профессоры, э. ғ. д. Искакова З. Д.; ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры, э. ғ. д. Зейнельгабдин А. Б.; ҚР Ұлттық Банкінің тұңғыш төрағасы Байназаров Г. Б.; ҚР ҰБ «Банкнот фабрикасы» ШЖҚ РМК бас директоры Кажмуратов Ж. Т. және басқа да қонақтар қатысты. Мажитов Д. М.-ның әріптестері оның кәсіби қызметі, ғылыми мұрасы және Қазақстанның қаржы ғылымы мен білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі туралы естеліктерімен бөлісті.

Ғылыми баяндамалармен ҚР ҰБ Орталық филиалының төлем балансы статистикасы бөлімінің бастығы, PhD Ищанова Р. К.; Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің профессоры, э. ғ. к. Калкабаева Г. М.; ҚР ҰБ Төлем жүйелері және цифрлық қаржылық технологиялар департаментінің Төлем жүйелері саясаты басқармасы бастығының орынбасары Тлеубергенов Ш. А.; Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Қаржы» кафедрасының профессоры, э. ғ. к. Жоламанова М. Т. сөз сөйледі. Іс-шараға банк жүйесінің, мемлекеттік мекемелердің және еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері де қатысты.

Ұсынылған баяндамалар ұлттық валютаның дамуы, цифрлық теңгені енгізу, төлем жүйелерін жетілдіру және Қазақстанның ақша-кредит саясатын іске асыру мәселелері бойынша мазмұнды ғылыми пікірталасқа негіз болды. Дөңгелек үстел академиялық және қаржы қоғамдастығы өкілдері арасындағы кәсіби және ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.

Esil University барша қазақстандықтарды Ұлттық валюта – теңге күнімен, ал қаржы жүйесінің қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтайды! Амандық, тұрақтылық және кәсіби табыс тілейміз!

Қазақстан Республикасының Ұлттық валюта күніне арналған ғылыми дөңгелек үстел
← ЖаңалықтарғаКелесі жаңалық →