Esil University-дің «Қаржы» және «Есеп және аудит» білім беру бағдарламаларының 3–4 курс студенттері Қаржыгерлер күні мен Бухгалтерлер күніне арналған жоғары оқу орындары арасындағы зияткерлік ойынға қатысты. Іс-шараны С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Бизнес және цифрлық технологиялар институтының «Қаржы, есеп және аудит» білім беру бағдарламалары тобы ұйымдастырды.
Байқаудың мақсаты – студенттердің кәсіби білімдерін кеңейту, аналитикалық және логикалық ойлау қабілеттерін дамыту, қаржылық сауаттылығын арттыру және жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайту.
Ойын барысында қатысушылар қаржы, банк ісі, бухгалтерлік есеп, салық салу және экономика салалары бойынша білімдерін көрсетті. Тапсырмалар теориялық дайындықпен қатар, командада жұмыс істеу, жедел шешім қабылдау және алған білімдерін тәжірибеде қолдану дағдыларын талап етті.
Зияткерлік сайыс қорытындысы бойынша Esil University командасы жоғары дайындық деңгейін, командалық рухын және кәсіби әлеуетін көрсетіп, құрметті II орынға ие болды. Студенттерімізді жетістіктерімен құттықтап, алдағы уақытта толағай табыстар тілейміз!

