«Ақпараттық жүйелер және технологиялар» кафедрасының апталығы аясында Esil University университетінің «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» білім беру бағдарламасының студенттері Деректерді өңдеу орталығына (ДӨО) барды. Экскурсия білім алушылардың кәсіби білімін кеңейтуге және ақпаратты сақтау, өңдеу және беру саласындағы заманауи технологиялармен таныстыруға бағытталды.
Сапар барысында студенттер Деректерді өңдеу орталығының инфрақұрылымымен, серверлік бөлмелерді ұйымдастыру қағидаттарымен және ақпараттық жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін жабдықтарды пайдалану ерекшеліктерімен танысты. Ақпараттық қауіпсіздік, деректерді қорғау, резервтік көшіру, үздіксіз электрмен жабдықтау және серверлік жабдықтарды салқындату мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Экскурсия студенттерге компьютерлік желілер, операциялық жүйелер, есептеу жүйелерінің архитектурасы және деректерді өңдеу технологиялары пәндері бойынша алған теориялық білімдерінің тәжірибеде қолданылуын көруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар қатысушылар IT-инфрақұрылымды ұйымдастыру мен қызмет көрсетуге қойылатын заманауи талаптар туралы түсініктерін кеңейтті.
Мұндай іс-шаралар білім беру мен кәсіби орта арасындағы байланысты нығайтуға, студенттердің практикалық құзыреттіліктерін дамытуға және болашақ мамандықтарын тереңірек түсінуге ықпал етеді.
Экскурсия топ кураторы Д.Б. Кенебаеваның қатысуымен ұйымдастырылды. «Ақпараттық жүйелер және технологиялар» кафедрасы іс-шараны өткізуге қолдау көрсеткені және болашақ IT-мамандарды кәсіби даярлауға қосқан үлесі үшін Деректерді өңдеу орталығының мамандарына алғыс білдіреді.

-1.png&w=1080&q=75)