Esil University өкілдері Ақмола облысы Жақсы ауылындағы №1 және №2 жалпы білім беретін мектептерде кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізді. Кездесулерге 10–11-сынып оқушылары, мектеп әкімшілігі және педагогтер қатысты.
Университет атынан кәсіби бағдар беру бөлімінің басшысы, қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Б.Ө. Аханов және «Ақпараттық жүйелер және технологиялар» кафедрасының меңгерушісі, PhD А.Ұ. Мұхиядин қатысты.
Іс-шаралар барысында оқушыларға университеттің білім беру бағдарламалары мен мамандықтары, академиялық ұтқырлық, жоғары оқу орнына дейінгі даярлық және мемлекеттік білім беру гранттары туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар университетке оқуға түсу мүмкіндіктері түсіндіріліп, болашақ талапкерлердің сұрақтарына жауап берілді.
Кездесулер оқушылардың кәсіби өзін-өзі айқындауына қолдау көрсетуге және жоғары білім алу мүмкіндіктері туралы хабардарлығын арттыруға бағытталды.


