Негізгі мазмұнға өту

«Ақпараттық жүйелер және технологиялар» кафедрасы

«Ақпараттық жүйелер және технологиялар» кафедрасы 2007 жылы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің «Есеп және қаржы» факультетінде құрылды.

Кафедра 6B061 «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» бағыты бойынша 6B06101 – «Ақпараттық жүйелер», 6B06102 – «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету», 6B06103 – «Ақпараттық технологиялар және деректерді қорғау» білім беру бағдарламалары бойынша бакалаврлар даярлайды. Сондай-ақ 6B015 «Жаратылыстану пәндері бойынша мұғалімдер даярлау» бағыты аясында 6B01501 – «Информатика» және 6B01502 – «Математика» білім беру бағдарламалары жүзеге асырылады. Магистратурада 7M06101 – «Ақпараттық жүйелер» және 7M06102 – «Ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярланады.

2026–2027 оқу жылында кафедрада 37 штаттық оқытушылық лауазым қарастырылған. Профессор-оқытушылар құрамында 1 техника ғылымдарының докторы, 10 ғылым кандидаты және 5 PhD докторы бар. Олардың қатарында 2 профессор, 6 қауымдастырылған профессор, 8 доцент міндетін атқарушы, 17 аға оқытушы және магистр дәрежесі бар 4 оқытушы жұмыс істейді.

Кафедраның профессор-оқытушылар құрамы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, ғылыми конференциялар мен семинарларға белсенді қатысады.

Кафедрада 2 ғылыми-зерттеу зертханасы: «Есептеу техникасы және өндірістік процестерді автоматтандыру» және «Ақпараттық жүйелерді басқару мәселелері», сондай-ақ 3 оқу зертханасы: «Корпоративтік қосымшаларды әзірлеу», «Желілік коммуникациялар» және «Компьютерлік жүйелердің интерфейстерін әзірлеу» жұмыс істейді. Зертханалар заманауи компьютерлермен және бағдарламалық құралдармен жабдықталған.

Соңғы 5 жылда кафедра оқытушылары импакт-факторы нөлден жоғары журналдарда 48-ден астам мақала және ҚР Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған басылымдарда 24 мақала жариялады. Екі оқытушының Scopus және Web of Science дерекқорлары бойынша Хирш индексі бар. Кафедрада авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге 10 куәлік тіркелген.

2021 жылы «Ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасының 2-курс студенті Бекзатов Самат «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша республикалық пәндік олимпиадада 1-орын иеленді.

2023 жылы «Ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасының студенттері Головинова Анастасия, Абсадыков Магжан және Третьяковская Евангелина Arduino Uno платформасында жарықтандырудың цифрлық модулін әзірлеу жобасы үшін халықаралық STA-жобалар байқауында I дәрежелі дипломға ие болды. Сол жылы «Ақпараттық технологиялар және деректерді қорғау» білім беру бағдарламасының студенті Мирахмедов Алишер «Цифрлық трансформация» халықаралық байқауында «Нанотехнологиялар және олардың адам өміріне әсері» жобасы үшін II дәрежелі дипломмен марапатталды. Жоба жетекшісі – педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Касенова Л.Г.

Кафедра ақпараттық жүйелер, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу, деректерді қорғау, информатика және математиканы оқыту салалары бойынша мамандар даярлайды. Кафедрада білім алған мамандар IT-компанияларда, мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда, білім беру мекемелерінде еңбек етеді. Олардың қатарында магистратура түлегі, «Зерде» ақпараттық-коммуникациялық холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқаратын Анисимов А.Н. бар.